Басты бет / Жаңалықтар / Генерал-майор А.Р.Қазиев құрметіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы I Халықаралық турнирі өтті
Генерал-майор А.Р.Қазиев құрметіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы I Халықаралық турнирі өтті

Просмотров: 719

        Өткен демалыс күндері ҚазАТЗУ спорт кешенінде Ауған соғысының ардагері, Кеңес Одағының «Қызыл жұлдыз» және «жеке ерлігі үшін» ордендерінің иегері, генерал-майор Қазиев Әбдіхапар Райымжанұлының құрметіне орай бокстан жасөспірімдер арасындағы I Халықаралық турнирі өтті. 

        Халықаралық турнирге Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және Алматы облысы Алакөл ауданынан 250-ге жуық команда спортшылары қатысты.

         Генерал Әбдіхапар Райымжанұлының өзі турнирдің құрметті қонағы болды.

     Құрметті қонақтар қатарында сонымен қатар бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Нұретдинұлы Жұмаділов;, Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша «АМАNАТ» партиясының хатшысы Ербол Маралұлы; полковник Владимир Федорович Марченко; полковник Евгений Кумарович Масалимов, Кеңес Одағының «Қызыл жұлдыз» орденінің және «Айбын» ордендерінің иегері полковник Сергей Геннадьевич Федосеев; ҚазАТЗУ-дың Студенттік істер жөніндегі проректоры Жайнагүл Айтмағанбетқызы Құсайынова және қаржы директоры Еркімбек Кәрімбекұлы Арпабаев болды.

       Турнирді ұйымдастырушылар: ҚазАТЗУ дене шынықтыру кафедрасының доценті, бокстан КСРО спорт шебері, кәсіби рингте әлем чемпионы Марат Мазимбаевты тәрбиелеген және боксты шын жүректен қолдаған бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сейдуалиев Жұмабек Төребекұлы; бокстан КСРО спорт шебері және бокстан ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы Абай Асылбекұлы Самамбеков; MMA-дан спорт шебері және ARASHI MMA Федерациясының Президенті Камильжан Сағидоллаұлы Тілеужанов және ҚазАТЗУ дене шынықтыру кафедрасының аға оқытушысы Бейбіт Жаңбыршынұлы Мұстафин.

        Турнирді өткізуге қолдау көрсеткені үшін ұйымдастырушылар Басқарма төрағасы – Ректор Қанат Маратұлы Тіреуовқа, Басқарма мүшесі – студенттік істер жөніндегі проректор Жайнагүл Айтмағанбетқызы Құсайыноваға, Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Сапархан Кесікбайұлы Омаровқа және қаржы директоры Арпабаев Еркімбек Кәрімбекұлына, сонымен қатар ҚазАТЗУ клубына ерекше алғыс білдіреді. 

         Спортшылар салмақ дәрежесіне қарай аға жасөспірімдер тобына және кіші топқа бөлінді (35 кг-нан бастап 70+ кг-ға дейін).

     Турнир қорытындысында жүлделі орындардың жалпы саны бойынша Қырғызстан төртінші, Моңғолия үшінші, Әзірбайжан екінші орынды иеленсе, ал біріншілік Қазақстанға бұйырды.

         Жеңімпаздарды құттықтаймыз!